Жастар таңдауы – жарқын болашақ кепілі

Мен, жас буын өкілі ретінде, Қазақстан Республикасының Конституциясы жаңа жобасына ерекше жауапкершілікпен қараймын. Конституция – бұл жай ғана заңдар жинағы емес, ол – еліміздің даму бағытын айқындайтын, әр азаматтың құқығы мен бостандығын қорғайтын басты құжат.
Бүгінгі жастар – ертеңгі ел тірегі. Сондықтан мемлекетіміздің Ата заңына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар біз үшін аса маңызды. Жаңа жобада адам құқықтарын қорғау тетіктерін күшейту, заң үстемдігін қамтамасыз ету, әділетті қоғам құру секілді қағидаттарға басымдық берілуі – жастардың болашаққа деген сенімін арттырады.
Әсіресе, білім алу, еңбек ету, кәсіпкерлікпен айналысу, өз қабілетімізді жүзеге асыру мүмкіндіктерінің кеңеюі – біз үшін үлкен қолдау. Құқықтық мемлекет құру жолындағы бастамалар, ашықтық пен жауапкершілікті арттыру бағытындағы нормалар – қоғамның дамуына серпін беретіні сөзсіз.
Біз, жастар, реформалардың мәнін терең түсініп, ел тағдырына бейжай қарамауымыз керек. Әрбір өзгеріс – біздің болашағымызға жасалған қадам. Сондықтан Конституцияның жаңа жобасын талқылауға белсенді қатысып, өз пікірімізді білдіру – азаматтық парызымыз.
Тәуелсіз еліміздің тұрақтылығы мен өркендеуі – ортақ мақсатымыз. Әділетті, заңға бағынатын, мүмкіндігі тең қоғам қалыптастыру жолында жастар әрдайым алдыңғы қатардан көрінеді деп сенемін.
С.Калиева – “Жастар рухы” жастар қанатының мүшесі