Қоғам дамуының әр кезеңінде заң үстемдігі мен әділеттілік қағидаттары мемлекет тұрақтылығының негізі болып келеді. Бүгінгі күні талқыланып жатқан Конституцияның жаңа жобасы – еліміздің болашағын айқындайтын маңызды құжаттардың бірі. Бұл құжат мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеріп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды одан әрі күшейтуге бағытталған.
Жастар – елдің болашағы ғана емес, бүгінгі қоғамның белсенді әрі жауапты бөлігі. Сондықтан Конституцияның жаңа жобасын талқылау барысында жастардың пікір білдіруі, өз ұсыныстарын айтуы – демократиялық қоғамның айқын көрінісі. Бүгінгі жас буын елдегі реформаларға бейжай қарамай, мемлекет дамуына өз үлесін қосуға дайын.
Жаңа Конституция жобасында заң үстемдігін нығайту, адам құқықтарын қорғау, қоғамдағы әділдік қағидатын қалыптастыру сияқты маңызды бағыттарға ерекше мән берілген. Бұл – жастар үшін үлкен мүмкіндік. Себебі әділ қоғамда әрбір жас өзінің білімін, қабілетін толық іске асырып, ел дамуына үлес қоса алады.
Сонымен қатар, Конституцияның жаңа жобасы азаматтардың мемлекет басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтіп, қоғамдық бақылауды күшейтуге бағытталған. Бұл жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына, ел тағдырына жауапкершілікпен қарауына жол ашады.
Бүгінгі жастар – тәуелсіз Қазақстанның ең үлкен құндылығы. Сондықтан біз елдің болашағына қатысты маңызды шешімдерге бейжай қарамай, өз таңдауымызды саналы түрде жасауымыз керек. Конституцияның жаңа жобасын қолдау – әділетті, заң үстемдігі орнаған, дамыған Қазақстанды бірге құруға жасалған қадам.
Ел болашағы – жастардың қолында. Ал берік Конституция – сол болашақтың сенімді кепілі.
А.Гизат – “Жастар рухы” жастар қанатының мүшесі