Қоғам дамуының әр кезеңінде елдің рухани тірегі саналатын мәдениет саласының маңызы ерекше. Ұлттық болмысымызды, тілімізді, дәстүрімізді және тарихи жадымызды сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізу – мәдениет саласы қызметкерлерінің басты міндеті. Сондықтан мемлекетіміздің негізгі заңы саналатын Конституцияның жаңа жобасы – тек құқықтық құжат қана емес, сонымен қатар қоғамның рухани дамуына бағыт беретін маңызды құндылық.
ҚР Конституциясының жаңа жобасы еліміздің демократиялық дамуын одан әрі жетілдіруге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған. Бұл құжатта қоғамдағы әділдік, заң үстемдігі, адам құқығын құрметтеу секілді негізгі қағидаттар айқын көрініс тапқан. Мұндай өзгерістер мәдениет саласының дамуына да оң ықпалын тигізері сөзсіз.
Мәдениет – халықтың рухани айнасы. Театр, кітапхана, музей, мәдениет үйлері мен клубтар – барлығы да ұлттық құндылықтарды насихаттап, қоғамның мәдени деңгейін көтеруге қызмет етеді. Конституцияда мәдени мұраны қорғау, ұлттық құндылықтарды сақтау және дамыту мәселелерінің көрініс табуы – мәдениет саласының қызметкерлері үшін үлкен жауапкершілік әрі сенім.
Бүгінгі таңда мәдениет саласының өкілдері қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайтуда, жастарға ұлттық тәрбие беруде маңызды рөл атқарып келеді. Сондықтан жаңа Конституция жобасы халықтың пікірін ескере отырып қабылдануы – ел болашағы үшін маңызды қадам.
Мәдениет қызметкері ретінде мен бұл бастаманың маңыздылығын ерекше атап өткім келеді. Себебі Конституция – мемлекеттің ғана емес, әр азаматтың өміріне тікелей әсер ететін құжат. Ал мәдениеті мықты елдің болашағы да жарқын болмақ.
Еліміздің негізгі заңын жетілдіруге бағытталған жаңа жобаны талқылауға қоғамның барлық саласының өкілдері белсенді қатысып, өз пікірлерін білдіруі – нағыз демократиялық қоғамның белгісі. Бұл – халық пен билік арасындағы сенімді нығайтатын маңызды қадам.
Біз үшін ең бастысы – бірлігімізді сақтап, ұлттық құндылықтарды дәріптей отырып, еліміздің тұрақты дамуына үлес қосу. Ал жаңа Конституция осы мақсаттарға жетудің берік негізі болатынына сенім мол.
А.Калиев – Зеренді ауданы мәдениет саласының қызметкері
