Аршалы ауданында ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда
Жолдар, тұрғын үй және коммуналдық инфрақұрылым Аршалы ауданының дамуындағы негізгі басым бағыттардың бірі болып қала береді. Биыл ауданда автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстары жалғасып, елді мекендер арасындағы автобус қатынасы кеңейтілуде, жаңа тұрғын үйлер пайдалануға беріліп, коммуналдық желілерді жаңғырту жобалары іске асырылуда. Өңірде жүзеге асқан және алдағы уақытта қолға алынатын жобалар туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Достанбек Есжанов баяндады.
Аудандағы маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі – Берсуат ауылына кіреберіс жолды жөндеу жұмыстарының аяқталуы. Ауыл тұрғындары сапалы жолды жиырма жылдан астам уақыт күткен болатын. Жоба аясында 14 шақырым жол төсемі жаңартылып, үш су өткізу құрылысы орнатылды. Сонымен қатар, «Бабатай – Бұлақсай» және Түрген ауылына кіреберіс жолдардың учаскелерінде орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Елтоқ ауылында жалпы ұзындығы 12 шақырымды құрайтын ішкі көшелерге күрделі жөндеу жүргізілді. Сондай-ақ жаңа жобаларды іске асыруға дайындық жалғасуда. Қазіргі уақытта Аршалы – Михайловка облыстық жолының 20 шақырымдық бөлігін жөндеу бойынша жобалық құжаттама мемлекеттік сараптамаға жолданды.
Аудандағы көлік инфрақұрылымын дамыту тек жол салу және жөндеумен шектелмейді. Елді мекендердің көлік қолжетімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінде автобус бағыттары ауданның негізгі ауылдарын қамтып, елордамен тұрақты қатынас орнатылған. Келесі кезеңде ауданның барлық елді мекендерін өзара байланыстыратын бірыңғай әлеуметтік автобус бағытын іске қосу жоспарланып отыр.
«Жолдарды жөндеумен қатар, біз тұрғындардың еркін қатынауына мүмкіндік жасауымыз қажет. Осы мақсатта автобус бағыттары негізгі ауылдарды елордамен байланыстырды. Бұдан бөлек, аудан ішіндегі барлық елді мекендерді қамтитын бірыңғай әлеуметтік автобус бағытын іске қосуға дайындалып жатырмыз. Тасымалдаушының шығындары бюджет есебінен субсидияланатын болады», – деді Достанбек Есжанов.
Жол инфрақұрылымын дамытумен қатар, ауданда тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Ақмола облысы басшылығының қолдауымен 100 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға беріліп, баспана кезегінде тұрған алғашқы отбасылар жаңа пәтерлердің кілтін алды. Жыл басынан бері ауданда шамамен 10 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Сонымен бірге, тағы бір 200 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу жұмыстары басталды.

