Төрт  күн  бойы    Зеренді ауданында «Зеренді саябағы» орталық  қоғамдық  ұйымының  базасында   Ақмола  облысы  Целиноград  аудандық  ішкі  саясат

Өзіңіз үйреніңіз  және басқаларды үйретіңіз

Төрт  күн  бойы    Зеренді ауданында «Зеренді саябағы» орталық  қоғамдық  ұйымының  базасында   Ақмола  облысы  Целиноград  аудандық  ішкі  саясат  бөлімінің  ұйымдастыруымен  жоғары оқу  орындарының жастар ұйымдары мен жастар қоғамдық  бірлестіктерінің жетекшілеріне арналған  республикалық жазғы сыбайлас  жемқорлыққа  қарсы мектебі  жұмыс  істеді. Аталған мәдени –  танымдық  шараның  ойдағыдай өтуіне  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің  аумақтық   департаментінің, БҰҰ  Есірткі және қылмыс жөніндегі  басқармасының  өкілдері  атсалысты. 

Мектептегі сабақтардың  мақсаты   Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа  қарсы заңнамасын   білуді  нығайту. Жастар   көшбасшылары  сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл  саласындағы  ұсынылатын   құралдар мен  ұсынымдарды   іс жүзінде   қолдану  арқылы  қоғамдық  бақылау  те-тіктерін  зерделеуге, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың   жағымсыз салдарын   еңсеру стратегияларын  айқындауға  бағытталған.

Мектепте барлығы   30  адам – жастар қоғамдық бірлестіктерінің, «Саналы ұрпақ» студенттік клубтарының, Астана, Көкшетау қалалары мен облыс аудандарының жастар ресурстық орталықтарының  жетекшілері  білім алды.

Шараның ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа  қарсы іс-қимыл агенттігінің профилактикалық қызметінің  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру департаментінің басшысы Мирас Қарғабай  белсенді жастар алдында сөз сөйледі.

Ол өзінің құттықтауында  сыбайлас жемқорлыққа  қарсы мектептің жұмысы барысында жастардың елімізде жүргізіліп жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат туралы ақпараттандырылуын  арттыру  жоспарланып  отырылғанына  назар аударып,   бұл  неліктен маңызды  деген  сұрақтарға  тоқтап,  сыбайлас жемқорлықты жеңу  және осы   үрдісте  жастардың  рөлін   атап  өтті.   Осылайша жастар ортасындағы оң өзгерістерге – қазір де, таяу болашақта да серпін берілмекші.  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруға    алынған   білім қатысушылардың әрқайсысына да, жалпы қоғамға да пайдалы болатыны ақиқат.

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жем-қорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаменті басшысының бірінші орынбасары Сағыныш Аяғанова, Зеренді ауданы әкімі аппаратының   басшысы Арман  Хайдар, есірткіге қарсы күрес және заңдылықты сақтау департаментінің маманы  Сәуле Төлеусаринова,  Астанадағы АҚШ   Елшілігінің  өкілі    құттықтау сөз сөйлеп, мектептің  табысты   жұмыс істеуін  тіледі.

Тағы бір айта кетерлігі, бұл біздің облыста  жазғы мектепті ұйымдастырудың  алғашқы тәжірибесі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға   және сыбайлас жемқорлықты құбылыс ретінде қабылдамауға бағытталған  нақты білімді ала отырып, оған қатысушылар оны жастар аудиториясы арасында тарата алады, кеңейтеді және жас азаматтар арасында әрекет ету арқылы  сыбайлас жемқорлыққа  қарсы  көзқарасты  қалыптастырады  деп  болжануда.

Светлана КИМ.