Ақмола облысында туу туралы куәлікті салтанатты түрде табыстау форматы іске қосылды
Ақмола облысында мемлекеттік қызмет көрсетудің жаңа форматы енгізілді. Енді ата-аналар баласының туу туралы куәлігін перинаталдық орталықтар мен ауруханалардың перзентхана бөлімдерінде салтанатты түрде ала алады, деп хабарлайды “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы” КЕ АҚ Ақмола облысы бойынша филиалы.
Құжатты рәсімдеу мен табыстау рәсімі перзентханадан шығару кезінде мерекелік атмосферада өткізіледі.
Алғашқы салтанатты рәсімдердің бірі Аршалы ауданында өтті. Жаңа туған сәбидің ата-анасына туу туралы куәлік медицина қызметкерлері мен жақындарының қатысуымен табысталып, ерекше мәнге ие болды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама ресми бюрократиялық үдерісті есте қаларлық отбасылық оқиғаға айналдыруға мүмкіндік береді. Қызмет бекітілген прейскурантқа сәйкес ақылы негізде көрсетіледі. Құны 6 733 теңге.
Жаңа формат мемлекеттік сервисті одан әрі жетілдіруге бағытталған маңызды қадам болмақ.