Жаңа Конституция жеке бас бостандығы мен әділ сот төрелігінің кепілдіктерін күшейтті
 
Бүгін Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы – елдің Негізгі Заңы күшіне енді. Ол адам құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін, құқық үстемдігін және мемлекеттің азаматтар алдындағы жауапкершілігін нығайта отырып, еліміздің конституциялық дамуының жаңа кезеңіне жол ашты. Конституциялық реформаның негізгі бағыттарының бірі – адам құқықтарын қорғауды одан әрі күшейтуге, сондай-ақ жеке бас бостандығы мен әділ сот төрелігінің кепілдіктерін нығайтуға бағытталған.

Конституцияның 18-бабында әрбір адамға ұсталған кезде оның бостандығын шектеудің негіздері мен құқықтарын түсіндіру міндетінің бекітілуі маңызды жаңа өзгерістердің бірі болды. Бұл ұсталған сәттен бастап адамға оның бостандығын шектеудің себептері, үндемеуге құқығы, қорғаушының көмегіне жүгіну және ұсталғаны туралы жақын туыстарына хабарлау құқығы түсіндірілуге тиіс дегенді білдіреді. Мазмұны жағынан бұл конституциялық кепілдік, халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылатын Миранда қағидаларына сәйкес келеді.

Аталған норманың Конституцияда бекітілуі адамның бостандығы шектелген алғашқы сәттен бастап оның себептерін біліп, өзінің процестік құқықтарын түсінуіне және уақтылы заң көмегін пайдалануына мүмкіндік береді. Бұл нормалар құқықтарды негізсіз шектеуден қорғаудың қосымша кепілдіктерін қамтамасыз етіп, іс жүргізудіңең бастапқы кезеңінен бастап қорғану құқығын тиімді жүзеге асыруға жағдай жасайды әрі әділ сот төрелігі қағидаттарының сақталуына ықпал ететіні сөзсіз.

Тағы бір маңызды жаңалық – Конституцияның 19-бабында кінәсіздік презумпциясының, яғни өз-өзіне, жұбайына (зайыбына) және заңда айқындалған жақын туыстарына қарсы айғақ бермеу құқығының, сондай-ақ бір құқық бұзушылық үшін қылмыстық немесе әкімшілік жауаптылыққа қайтадан тартуға жол бермеу қағидатының бекітілуі. Бұл ережелер дербес конституциялық қағидаттар мәртебесіне ие болып, олардың адам құқықтарын қорғаудағы айрықша маңызын айқындайды.