Жаңа Конституция: адвокатураның конституциялық мәртебесі, зияткерлік меншік құқықтарын қорғау және заңдардың кері күшіне жол бермеу

Қазақстан Республикасында адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың заманауи стандарттарын бекіткен жаңа Конституция ресми түрде күшіне енді. Жаңа Негізгі Заң білікті заң көмегін көрсету жүйесін едәуір күшейтетін, зияткерлік меншік құқықтарын қорғауға кепілдік беретін және заңнаманың құқықтық айқындылығы мен болжамдылығын қамтамасыз ететін бірқатар іргелі конституциялық жаңашылдықтарды бекітті.
Маңызды жаңашылдықтардың бірі – адвокатура институтының конституциялық деңгейде бекітілуі. Енді Конституцияда адвокатура әрбір адамның білікті заң көмегін алуға және өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға деген құқығын іске асыруға жәрдемдесетіні тікелей айқындалған. Бұл құқықтық көмектің қолжетімділігін арттыруға және қоғамның сот пен құқықтық жүйеге деген сенімін нығайтуға ықпал етеді.
Тағы бір маңызды шешім – зияткерлік меншік құқықтарын конституциялық деңгейде тікелей қорғаудың бекітілуі. Бұл шығармашылық және ғылыми қызмет нәтижелерінің білім экономикасын, креативті индустрияларды және инновациялық секторды дамытудағы маңызды құқықтық әрі экономикалық құндылық екенін айқындайды, сондай-ақ Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.
Елеулі конституциялық жаңашылдықтардың бірі – заңдарға кері күш беруге тікелей тыйым салынуы. Конституцияда қосымша міндеттер жүктейтін немесе жауаптылықты күшейтетін жаңа нормалардың олар күшіне енгенге дейін туындаған құқықтық қатынастарға қолданылмайтыны бекітілген.