Ақмола облысында тұмау мен ЖРВИ маусымына 400-ге жуық төсек-орын дайындалды

Алдағы тұмау, ЖРВИ және COVID-19 бойынша эпидемиялық маусымға өңірде 400-ге жуық инфекциялық төсек-орын дайындалды. Жағдай нашарлаған жағдайда тағы 200-ге жуық төсек-орын ашуға мүмкіндік бар. Бұл туралы брифингте Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Серік Омарханов мәлімдеді.

Оның айтуынша, емханаларда сүзгі кабинеттері, қосымша мобильді бригадалар және дәрі-дәрмек, бетперде мен дезинфекциялық құралдардың қоры дайындалған. Аурушаңдық деңгейі өскен жағдайда медициналық ұйымдар мобильді бригадалардың жұмысын күшейтіп, төсек-орын қорын арттыра алады.

Тұмауға қарсы вакцинация 15 қыркүйектен басталады. Облыс тұрғындары үшін «Гриппол» вакцинасының шамамен 66 мың дозасы қарастырылған. Тегін вакцинацияны бірінші кезекте медицина қызметкерлері, жүкті әйелдер, балалар, созылмалы аурулары бар адамдар және егде жастағы азаматтар ала алады.

Серік Омархановтың айтуынша, вакцина алғаннан кейін иммунитет шамамен екі апта ішінде қалыптасады. Вакцинация тұмаудың ауыр өтуі мен асқыну қаупін төмендетеді.

Алдын алу шаралары мектептер мен балабақшаларда да күшейтіледі. Егер сынып оқушыларының 20–30%-ы ЖРВИ салдарынан сабаққа қатыспаса, қосымша шаралар енгізіледі. Аурушаңдық деңгейі 30% және одан жоғары болған жағдайда сынып уақытша қашықтан оқыту форматына ауыстырылуы мүмкін.

Мамандар тұрғындарға вакцинациядан уақытылы өтуді, қолды жиі жууды, бөлмелерді желдетуді және науқас адамдармен байланыстан аулақ болуды ұсынады. ЖРВИ немесе тұмаудың алғашқы белгілері байқалған кезде үйде қалып, медициналық көмекке жүгіну қажет.