Жаңа Конституция – еңбек адамының мүддесін қорғайтын құжат
Қазіргі кезеңде елімізде жүргізіліп жатқан конституциялық жаңғыру – қоғамның барлық саласын қамтитын маңызды саяси қадам. Ұсынылып отырған жаңа Конституция жобасы ең алдымен азаматтардың құқықтарын кеңейтуге, әлеуметтік әділдікті нығайтуға және еңбек адамының мәртебесін арттыруға бағытталған.
Депутат ретінде өңірлердегі еңбек ұжымдарымен, өндіріс орындары мен ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлерімен тұрақты кездесулер өткізіп келемін. Осы кездесулер барысында жұмысшы мамандық иелерін толғандыратын негізгі мәселелер – тұрақты жұмыс, әділ жалақы, қауіпсіз еңбек жағдайы және әлеуметтік кепілдіктер екені анық байқалады. Жаңа Конституция жобасында дәл осы бағыттарға ерекше назар аударылған.
Құжатта еңбек құқықтарын қорғау тетіктерін күшейту, әлеуметтік мемлекет қағидатын нақтылау және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нормалар қарастырылған. Бұл – өндірісте, құрылыста, ауыл шаруашылығында, қызмет көрсету саласында еңбек етіп жүрген мыңдаған азамат үшін нақты қолдау болмақ.
Біз экономиканы дамыту туралы айтқанда, ең алдымен оны алға жылжытатын еңбек адамдарын ойлауымыз қажет. Сондықтан Конституцияның жаңа редакциясы жұмысшы мамандықтардың қоғамдағы беделін арттыруға және олардың құқықтарын қорғауға құқықтық негіз қалыптастырады.
Алдағы референдум – әр азаматтың ел болашағына ықпал ету мүмкіндігі. Бұл саяси науқанға белсенді қатысу арқылы біз әділетті қоғам құру жолындағы маңызды шешімді бірге қабылдаймыз. Әсіресе еңбек адамдарының пікірі бұл үдерісте айрықша мәнге ие.
Біз жаңа Конституция арқылы тұрақты даму мен әлеуметтік жауапкершілікке негізделген мемлекет құруды көздейміз. Бұл – бүгінгі жұмысшыға сенімділік, ертеңгі ұрпаққа берік іргетас.
А.Оспанов — Зеренді аудандық мәслихатының депутаты
