Қазіргі таңда жаңа Конституция жобасына қатысты пікірталастардың қоғамда кеңінен өрбуі — ел азаматтарының саяси санасының өсіп келе жатқанының айқын белгісі. Мұндай маңызды құжаттың талқылануы тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл халықтың қатысуын қажет етеді. Өйткені Конституция – бұл бір ғана заң емес, ол мемлекеттің даму бағытын айқындайтын негізгі құндылықтар жүйесі.
Жаңа жобаның ұсынылуы — уақыт талабына сай саяси жүйені жетілдіруге бағытталған маңызды қадам. Бүгінгі әлемдік өзгерістер мен ішкі қоғамдық сұраныстар мемлекеттің басқару тетіктерін жаңғыртуды талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда, ұсынылған өзгерістер азаматтардың құқықтарын нығайтуға, мемлекеттік институттардың жауапкершілігін арттыруға және қоғамдық бақылауды күшейтуге бағытталғаны байқалады.
Алдағы 15-і күні өтетін референдум — ел тағдыры үшін аса маңызды тарихи кезең. Бұл күні қабылданатын шешім тек бүгінгі буын үшін емес, келешек ұрпақтың болашағына да ықпал етеді. Сондықтан әр азаматтың өз таңдауына жауапкершілікпен қарауы — мемлекеттің тұрақты дамуына қосылған үлес деп білемін.
Конституция – кез келген елдің саяси-құқықтық тірегі. Ол қоғамдағы тұрақтылықтың, бірліктің және әділеттіліктің негізін қалайды. Егер жаңа жоба халықтың сенімі мен қолдауына ие болса, ол еліміздің демократиялық дамуына жаңа серпін беріп, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік жасайды.
Бастысы — Конституция халықтың ортақ құндылығы ретінде қабылдануы тиіс. Сонда ғана ол шын мәнінде елдің ұзақ мерзімді мүддесіне қызмет етеді және қоғамның саяси эволюциясына оң ықпал етеді.
Біздің мақсат — тұрақты, әділетті әрі дамыған Қазақстан құру. Ал бұл жолдағы ең маңызды құралдардың бірі – халық қолдаған негізгі заң.

Ә.Әшімова – Зеренді аудандық мәслихатының депутаты, «Milk Project» ЖШС директоры