Ақмолалықтардың назарына: Инфекциялардың алдын алу жолдары

Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті биылғы жылдың алғашқы үш айының қорытындысын жариялады. Өңірдегі жалпы ахуал тұрақты болғанымен, кейбір инфекциялардың белең алуы мамандарды алаңдатып отыр. Департамент басшысы Серік Омарханов облыстағы эпидемиологиялық жағдайға толық талдау жасады.

Жыл басынан бері облыс аумағында полиомиелит, сіреспе, дифтерия және безгек сияқты қауіпті аурулар мүлдем тіркелген жоқ. Сондай-ақ, тырысқақ, оба және құтыру жағдайдары да анықталмаған.

Ең қуантарлығы — жаппай вакцинацияның арқасында қызылшамен ауыру көрсеткіші 1,3 есеге төмендеді. Сонымен қатар, сары ауру (вирустық гепатит), туберкулез (1,1 есеге азайған) және түрлі паразиттік аурулардың да беті қайтқан.

Алайда, кейбір инфекциялар бойынша өсім байқалады. Мәселен, көкжөтел 1,5 есеге, скарлатина 1,3 есеге артқан. Бұл көрсеткіштер вакцинациядан бас тартудың немесе оны уақытылы жасатпаудың салдары дейді мамандар.

«Бүгінде кейбір аурулар тіркелмесе де, бұл қауіп толық жойылды деген сөз емес. Вакцинация деңгейі төмендесе, ұмытылған инфекциялар тез қайта оралуы мүмкін. Біз ата-аналарды балаларының денсаулығына жауапкершілікпен қарап, екпе күнтізбесін сақтауға шақырамыз. Тек осылай ғана біз қауіпті індеттердің жолын кесе аламыз», — деп атап өтті Серік Омарханов.

Күннің жылынуымен бірге ішек инфекцияларының қаупі де артты. Үш айдың ішінде 150 жағдай тіркелген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,6 есе көп. Ең өкініштісі — ауырғандардың 87 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар.

Жазғы демалыс пен лагерь маусымы қарсаңында тамақ сақтау ережелерін сақтау, қолды жиі жуу және сапалы су ішу басты талап болып қала бермек.
Күннің ерте жылынуына байланысты кенелер де ерте белсенділік танытуда. Облыста кене шаққандар саны өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге артып, 90-нан астам адам медициналық көмекке жүгінген.

Ақмола облысы бойынша Сандықтау ауданы кене энцефалиті бойынша қауіпті аймақ болып қала береді. Сондықтан сәуірдің аяғы мен мамырдың басында бұл өңірде арнайы залалсыздандыру жұмыстары жүргізілмек.

«Табиғатқа шыққанда қорғаныш киімдерін кию және репелленттерді қолдану өте маңызды. Егер кене шағып алса, уақыт созбай, алғашқы 72 сағатта дәрігерге көріну керек. Бұл — қауіпті аурудың алдын алудың жалғыз жолы», — дейді департамент басшысы.

Мамандардың айтуынша, эпидемиологиялық жағдай бақылауда. Алайда, әрбір азаматтың жеке жауапкершілігі мен санитарлық талаптарды сақтауы — ұжымдық қауіпсіздіктің кепілі.