Құтты болсын мерекең ардақты елім,
Сары алтыны жайқалған асқар белім!
Қойның ырыс, жерің бай, халқым дархан
Күннен күнге жайнай бер туған елім!
Кең пейіл, ниеті ақ қазағымның,
Бұл күнде ұмытқанбыз азап үнін.
Тәуелсіздік жалауы берік қолда,
Шапағатын шашып тұр азат күнім.
Өршіл қазақ, өр қазақ ұрпағымын,
Сондықтан да биіктен шығар үнім.
Бостандығын, ерлігін жырлап өтем,
Ақ түндігін көтеріп асаужырдың.
Елім десем жыр келер көмейіме,
«Асылыма» халқымды теңейін де.
Өсер елдің баласы мына біздер,
Халқым үшін жыр шашу төгейін де.
Шаттығымыз мәңгілік болсын деймін,
Жас ұрпағым жақсылық көрсін деймін.
Болашағым басқаны таңқалдырып,
Ырысымыз ас та төк болсын деймін.
Басқа жаққа сәбиім сатылмасын,
Беймезгіл сәт қарулар атылмасын.
Ертеңгі күн не болар деген оймен,
Аналардың жүрегі жасымасын.
Осы арманым туыстар орындалса,
Сондықтан да жүрелік қауымдаса.
«Көп біріксе көл болар» — деген бар ғой,
Бата алмайды сол кезде жауың да аса.
Бірлік пенен тіршілік қатар болса,
Шаттық пенен күлкімен орта толса.
Думанды елім, осы ғой аңсағаның
Болашағым асқақтап биік тұрса.

Күләш Рахымжанова – Зеренді ауданының Құрметті азаматы, ҚР мәдениет майталманы, ақын, «ҚР Тәуелсіздігіне 30 жыл» медалінің иегері.